26.04.2018 0 Автор SERPIN INFO

Еуропа елдерінде қалдақтарды сұрыптауға 50-60 жыл жұмсалса, ал біз қазірден бастап қоқысты сұрыптап салуды қолға алуымыз керек!

Қазақстанда, 2019 жылдан бастап сұрыпталмаған қоқысты көмуге тыйым салынады.
Қазіргі таңда қоқысты іріктеуді игере алмай жатқан мемлекеттер – дамушы елдер. Мұның түрлі себебі бар – тұрмыс қалдықтарын өңдейтін технологияның жолға қойылмауы, қажетті ресурстардың тапшылығы, күнделікті шығатын қалдықтардың үлкен көлемі, сонымен қатар, адамдардың қоқыстан болатын залалдың, экологияға әкелетін қауіпті толық сезінбеуінде. Пакеттерге тамақ қалдықтары, жуынды, қағаз, пластик аралас салынып, толассыз тасталып жатыр. Астана қаласы аумағында күн сайын жиналатын қатты тұрмыстық қалдық көлемі орта есеппен 969 тоннаны құрайды.
Елордада қоқыс көлемі тұрғындардың санына сәйкес ұлғайып келеді. 2014 жылы жалпы 570 мың тонна қоқыс жинақталса, 2015 жылы 604 мың тоннадан артық көрсеткіш көрсетті.
Бүгінгі таңда Астанада 1842 алаңда 9227 қоқыс жәшігі қойылған, пластикті бөлек жинау үшін 686 контейнер, тұрғындарға құрамында сынап бар шамдар салу үшін 670 жәшік, ал жер үйлерде күлге арналған 300 контейнер, қағазды бөлек салуға арналған 700 ден аса контейнерлер қойылды.
Дамыған еуропа елдерінде қалдықтарды сұрыптауға 50-60 жыл жұмсалды. Еуропалық елдердің барлығы қоқысты шығара бермейді, кейбіреулері оны өртеп, электр қуатын алады. Қазақстанда жалпы бұл көрсеткіштерден кеш қалмауы үшін, қазірден бастап қоқысты сұрыптайтын контейнерлер мен зауыттар қолға алынуда.