01.02.2017 жылы  Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің серпін жастары «Серпін» бағдарламасының басшысы — Күлзия Қадырқызымен кездесу болып өтті. Іс-сапармен университетімізге ат басын тіреген Күлзия Қадырқызы аталмыш кездесуде студенттерге «Серпін» бағдарламасындағы өзгерістер мен жаңалықтарды түсіндіріп өтті.
Айта кететін болсақ, шет тілін еркін меңгерген серпіндіктерге енді шет елде білім алу мүмкіндігі туып отыр. «Болашақ» бағдарламасы және үкіметарлық келісім бойынша серпіндіктер мына елдерде білім ала алады. Олар: Венгрия, Қытай, Германия, Чехия, Франция және т.б.
Бұл жаңалық серпін жастары үшін тосын, әрі көңіл толқытарлық жақсы жаңалықтардың бірі болды. Себебі, барлығымызға белгілі биыл серпіндіктердің алғашқы түлектері қолдарына төрт жылдық еңбектерінің жемісі, яғни дипломдарын алады. Түлектер үшін жақсы жаңалық серпін бағдарламасының аясында оқып жатқан студенттер оқуларын магистратурада жалғастыра алады. Жақсы жаңалықты естіген Серпін жастарының қуанышында шек болмады.
Сонымен қатар, Күлзия Қадырқызы университетіміздің намысын қорғап, «Аламан» фестиваліне қатысқан белсенді серпін студенттеріне мақтау қағаздарын табыс етті. Студенттер көкейкесті сауалдарын қойып, жауап алды.
Кездесудің жалғасы университетіміздің «Ақан сері» жатақханасының студенттерінің ұйымдастыруымен өткізілген «Жастар шапағаты» атты қайырымдылық, қамқорлық акциясына ұласты. Студенттер күмбірлеген домбыраның үніне әуелеген әндерін қосып, жырдан шашу шашты. Қайырымдылық кеші студенттеріміздің ауылдан арнайы алып келген және өз қолдарынан жасаған әр алуан тағамдарынан біріктірілген жәрмеңкеге ұласты. Күлзия Қадырқызы жатақханадағы студенттердің жағдаймен танысып өтті.
Кездесуден алған әсер мен кереметтей көңіл-күй серпін жастарына шабыт сыйлап,алға нық қадам басуға жетелегені сөзсіз. Студенттерді қолдап, болашағына жол ашқан «Серпін-2050» бағдарламасына және бағдарламаның қолдаушыларына айтар алғысымызды шексіз!
Еліміздің еркесі, ертеңіміз,
Келер күнге көп біздің береріміз.
Тәуелсіз елде туған,жерде туған
Қастерлейміз қасиетті өлкені біз.
Шыңдалған Серпіндіктер тапқыр ойлы,
Қазақтың желбіреген желкеніміз.
Автор: Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік
университетінің 1 курс студенті Әбсадық Ботагөз

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ