СЕРПІН ҚЫЗМЕТІМ ЕМЕС, СЕРПІН ӨМІР СҮРУ СТИЛІМ!

0
959

2014 жылдан бастап елімізде «Серпін» мемлекеттік әлеуметтік бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Бағдарламаның мақсаты – халқы тығыз орналасқан еліміздің оңтүстік аймақтарындағы (Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау облыстары) жастарды кадр жетіспеушілігін бастан кешіріп отырған Қазақстанның шығыс, солтүстік және орталық өңірлерінде оқытып, жұмысқа орналастыру. Игі бастаманың ұйымдастыру жұмыстарымен «Серпін әлеуметтік ұлттық даму қоры» тұрақты айналысуда. Қазіргі уақытта «Серпін» бағдарламасымен 12 500 студент оқуға түсіп, биылғы жылы 900-ден астам студент оқу бітіріп, жұмысқа орналасты.

«Серпін» жобасы, мақсаты, жұмыс жоспары туралы «Серпін әлеуметтік ұлттық даму қоры» басшысы Айдарәлі Раманов мырзамен болған сұхбатта толық таныса аласыздар.

– Қазіргі уақытта «Серпін» жобасының атқарылған жұмыстары туралы көпшілік хабардар, сондықтан «Серпін» жобасының басталуы және «Серпін» дегеніміз қандай жоба, басталу тарихы туралы айтсаңыз?

– Елбасы өмір жолынан бастау алған «Серпін» жобасы қоғамдағы көпшілік тарапынан жалғасын тауып, қолдауға ие болды. Әркім өз деңгейінде және мүмкіндігімен Елбасымыздың маңызды стратегиялық бағытын түсініп, тиісті жұмыстарын атқарды. Соның нәтижесі ретінде қазіргі уақытта еліміздегі маңызды әрі үлкен жобалардың бірі «Серпін» дүниеге келді және жұмысын жалғастыруда. Негізінен, «Серпін» жобасы дегенімізде көпшілік есіне ең бірінші Мұрат Абдуламитұлы Әбенов мырза түседі. Себебі, үйлестіру жұмыстарының бастамашысы және қамқоршысы, «Серпін» жобасының негізін қалаушы ретінде негізгі жұмыстарды атқарды.
«Серпін» жобасы тек қана студенттерге грант беретін немесе жұмысқа орналастыратын оқу бағдарламасы емес. Бұл жастардың əлеуметтік экономикалық белсенділігін арттыруға бағытталған жоба. Мектеп оқушыларының дұрыс мамандық таңдап, сапалы білім алып, еңбек нарығында өз орнын табуына жол ашу, өз проблемаларын өздері шешуге үйрету, еліміздің дамуына өз үлестерін қосу – мақсат. Оқу бітіргендердің проблемасы да аз емес. Сондықтан жастардың жұмыс табу, тұрғын үй мəселесі, əлеуметтік жағдайларын дұрыстау керек.

Бұл жоба өмірде өз орнын тапқан, ұстанымы берік, кәсіпкер көшбасшы болатын жастарға бағдар беретін жоба деп айтар едім. Сонымен қатар, «Серпін» тек қана әлеуметтік жоба емес, осы жобаны қолдайтындардың өмір сүру стилі деп айта аламын.

Студенттерге оқу грантын беру жұмысы 2014 жылы оқу орындарының оқу гранттары арқылы басталған болса, 2016 жылдан бастап мемлекеттік грант дәрежесіне жетті және мемлекет тарапынан тиісті мекемелер арқылы жұмысы жүргізілуде. Қазіргі уақытта «Серпін оқу гранттары» туралы ақпараттық, түсіндірмелік жұмыстарды «Серпін әлеуметтік даму қоры» атқарып келеді.

Қазіргі ең өзекті мəселе «Серпін жобасы» бойынша оқу бітірген жастарды жұмысқа орналастыру. Себебі оқу орындары мен жергілікті əкімшілік бұл мəселені толық шеше алмай жатыр. “Серпін” қоры басшылығының негізгі идеясы жастарды бизнеске тарту. Негізгі орталық – Астана қаласы болады.
Оқу бітірген студенттерді жұмыспен қамту мәселелері және жастарға бизнесті үйрету үшін «Серпін іскерлері» ҚБ құрылып, нәтижелі жұмыстар атқаруда. «Серпін іскерлері» ҚБ басшылығына «Серпін-2017 түлегі» Жасулан Жақыпов сайланды. «Серпін» грантымен оқып жүрген кезінде Жасулан Жақыпов «Серпін Аға тарханы» атағын иеленіп, барлық студенттермен байланыста болып, қоғамдық жұмыстарда белсене араласып, қатарластары арасында беделге ие болған студент ретінде танылды.

– Сіз «Серпін» жобасына қалай келдіңіз? Алда атқаратын жұмыс жоспарыңыз туралы айтсаңыз?

– «Серпін» жобасына дейінгі өмір жолымды сараптап отырсам, тек қана жұмыс және күнделікті күйбең тіршілікпен ғана өмір сүріп жүргенімді түсіндім. Әрине, күнделікті тіршілік маңызды, бірақ өмірде өз орнын таба білу және елге пайдалы болу әрбір азаматтың көкейінде жүрген арманы деп білемін. Мен де осындай оймен жүргенімде Мұрат Әбенов мырзаның «Серпін» жобасын бастап жатқаны туралы естідім. Жоба мақсаты және бағытымен таныстым. 2014 жылы жобаның алғашқы үйлестіру жұмыстарынан бастап қазіргі уақытта да қызметін атқарып келемін. Жаныма жақын және өмір ұстанымыма сәйкес келетін қызметті тапқаныма қуаныштымын.

Жоба туралы өмірлік ұстанымым: Серпін менің қызметім емес, Серпін менің өмір сүру стилім. Серпін жаңа формациядағы жастар толқыны! Серпін самғауын бастайды!

2014 жылдан бастап «Серпін» жобасында елеулі жұмыстар атқарылды және жалғасын табады. Сонымен қатар, қоғамдағы әлеуметтік барлық салаларда жаңа жобаларға қолдау көрсетеді, жаңа жобаларға бастамашы болады. «Серпін» жобасына бірлесе қызмет атқарамын, қолдау көрсетемін деген әрбір адамды құшақ жайып қарсы аламыз.

“Серпін” Ұлттық əлеуметтік даму қоры жобаның жаңадан «Серпін» логотип таңба белгісін жасады. Серпін таңбасы – бес саусақтың ортасында бөрі табанының ізі, түркі әлемінің ең басты символизмі.

Болашақ жобаларымыз ретінде танымал қолөнер шебері Биназир Султанмен бірлескен «Art Orda» жобасы, танымал дизайнер Рабиға Амантаймен бірлесіп жасап жатқан «Qaz Desing» жобасы және «K-pop» бағытындағы жастарға бағдар беру мақсатында жаңа «Qqpop» бағытын үйлестірудеміз. «Qqpop» жобасына жас маман Мария Берікбол басшылық етеді.
Бұл жобалар «Серпін әлеуметтік ұлттық даму қоры» қолдауымен жаңа жетістіктерге жетеді және өзіндік бағытын қалыптастыра алады деп сеніммен айта аламын.

– «Серпін» жобасы қоғамдық жұмыс. Қоғамдық жұмыстан өзге тұрақты табыс көзі айлығыңыз бар ма?

– 2014 жылдан бастап «ҚТЖ ҰҚ» АҚ жұмыстан өз еркіммен босап, жеке кәсіпкерлік саласында жүрмін. Құрылыс бағытында қызмет атқаратын жеке фирма басшысымын. Құрылыс нысандарын жоспарлау және техникалық сызба есептерін жүргізу бағытында маманданған фирмамыз ірі құрылыс мекемелеріне мердігерлік етіп, еліміздің бірқатар қалаларындағы ірі құрылыс нысандарын салу кезінде бірлесе жұмыстар атқарды. Көптеген ірі құрылыс мекемелерімен ұзақ мерзімді әріптестік келісім бойынша жұмыс атқаруда.
Фирма басшысы ретінде жеткілікті тұрақты айлығым бар және бұл жұмысым «Серпін» қоғамдық жұмысымен ақысыз айналысуыма мүмкіндік беріп отыр.

– Өміріңізге бағыт берген, өзгерткен маңызды оқиғаны атап өтсеңіз?

– 2010 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жастармен кездесті. Президентпен кездесуге оқуда, спортта және өз жұмыстарында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізген елордалық жастардың дарынды өкілдері шақырылды. Жас астаналықтар өздерінің жеке табыстары туралы айтты. Олар барлық жетістіктері әрбір қазақстандықтың өз жоспарларын іске асыруларына бағытталған мемлекеттік саясаттың нәтижесінде мүмкін болғанын атап өтті.
Кездесу барысында Президент тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңдері, нарықтық экономиканы құру, демократияландыру үдерісі, азаматтық қоғамның қалыптасуы мен дамуы туралы, сондай-ақ Елорданы ауыстыру қалай жүзеге асырылғаны жайлы айтты.
Осы кездесуге қатысушы болғаныма қуаныштымын және өмірімдегі маңызды оқиға деп атап көрсетер едім. Бұл кездесу маған, қарапайым ауыл баласына болашақ өмір бағытымды айқындауға әсер етті және барлық мүмкіндіктердің өз қолымызда екеніне сенім сыйлады.

– Өзіңізге бағыт беруші және өзгеге де үлгі ретінде нақыл сөздерден мысал келтірсеңіз.

– Елбасымыздың: «Әр адам – өз өмірінің ұстасы» – деген нақыл сөзін айтар едім. Шындығында өмірде әр адам өз тағдырын қалыптастырады және жанында руxани серпіліс берер достары болса, ешқандай қиындыққа мойымай, алға қадам басады. Нәтижелі жұмыс жасаудан жалықпау керек. Өмірде жетістікке жеткен адам ғана өзгелерге бағыт бере алады. Өмірдегі үлкен жетістіктер кішкене қадамдардан басталады. Серпін – біздің өмір жолымыз! Серпін – біздің болашағымыз.

– Сұхбатыңызға рахмет! Серпіндіктерге серпіліс тілейміз!

Сұхбаттасқан Мөлдір Нұрман, Матрица.kz

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ